Қазақстан • 26 Ақпан, 2019

Алматыда  «Дүлей апаттардың тәуекелін қаржыландыру» аймақтық форумы өтті

487 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жер аяғы жібіген көктем айларында күннің күрт жылынуы салдарынан ел аймақтарында су тасқыны қаупінің күшейе түсетіні белгілі. Ресми мәлімет бойынша жыл сайын елімізде орын алатын су тасқынынан 300 мыңға жуық адам зардап шегетіні анықталған. Тосыннан келген табиғат апаттарына тосқауыл ретінде миллиондап қаржы жұмсалатынын ескерсек, бұл экономиканың дамуына да кері әсерін тигізбей қоймайтыны белгілі. Қазақстан үшін ғана емес, жалпы Орта Азия мемлекеттеріне үлкен шығын әкелетін төтенше жағдайлардың алдын-алу мәселелері Алматыда өткен «Дүлей апаттардың тәуекелін қаржыландыру» аймақтық форумында жан-жақты талқыға салынды.

Алматыда  «Дүлей апаттардың тәуекелін қаржыландыру» аймақтық форумы өтті

Орта Азия – дүлей апаттардың қаупі тым жоғары аймақ саналады. Су тасқыны мен қуаңшылық бұл кеңістікті мекен ететін халықтың үштен бірі үшін негізгі тіршілік тынысына айналған ауыл шаруашылығы секторына айтарлықтай салқынын тигізіп отыр. Алматыда бас қосқан айтулы сарапшылар 2000-2001 жылдары Орта Азия аумағындағы елдердің ауыл шаруашылық саласы бір ғана құрғақшылықтың салдарынан 800 миллион доллар көлемінде зиян шеккенін алға тартады. Бұл статистиканың  ішінде әсіресе ауыл халқының үлес салмағы басым. Одан бөлек қар көшкіні, жер сілкінісі секілді түрлі төтенше жағдайлардан келетін шығындарға да қомақты қаржы қажет.

 – Қазақстанда жыл сайын жер сілкінісінен 200 мыңға жуық адам зардап шегеді, ал елдің жалпы ішкі өніміне зілзаланың тигізетін зияны – жылына шамамен 1 миллиард доллар. Өткен отыз жылда осы аймақта орын алған апаттардан 10 миллионнан астам адам зардап шекті. Мұның экономикаға тигізген зияны шамамен $2,5 млр. Жыл сайын ауқымды бүлінуге себеп бола алатын зілзаланың салдары ЖІӨ-нің 2%-ын, ал су тасқынының зардабы – 1,6%-ды құрайды, – дейді Дүниежүзілік банктің Дүлей апат тәуекелдерін басқару ісінің аға маманы Ко Такеучи.

Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун табиғат апаттары экономикаға орасан зиян келтірумен қатар азаматтардың өзін-өзі қаржылық қамтамасыз ету қабілетіне кері әсерін тигізетінін айтады. Оның сөзінше, Орта Азия елдері ел бюджетіне зияны тиетін бұл қауіпті  жақсы түсінеді.

Оны тараптардың қаржылық қорғауды қамтамасыз ету жолдары мен қаржы құралдарына  деген қызығушылығынан ақ аңғаруға болады. Маман қаржылық ауыртпалықты төмендету мен дүлей апаттан соң тұрғындардың өмір сүруіне қажет қаражатты жедел қалпына келтіру жолдары әлі де толыққанды зерттеуді қажет ететінін жасырмайды.

Ал Орта Азиядағы мұндай апаттар мемлекетаралық шекараларды қиып өтіп жатқанын тілге тиек еткен Алматы қалалық Төтенше жағдайлар және апат тәуекелін төмендету орталығының директоры Валерий Петров: «Бұл аймақтарға қоныстанған кез-келген елдің бірінде орын алған орасан апат бүкіл аймаққа қауіп төндіруі мүмкін және бұл осы саладағы ынтымақтастықтың маңызды екенін көрсетеді» дейді.

Форумда сөз алған Дүниежүзілік банктің Әлеуметтік мәселелер, қала және ауылдың дамуы мен орнықтылығы бойынша жаһандық тәжірибе жөніндегі аға директоры Эдэ Хорхе Ийяш Васкез, Орта Азия елдері дүлей апаттардың зиянына қарсы күресу ісінде белсенділік танытып отырғанын, десе де осы қызметті ары қарай кеңейту ісінде әлі де жүзеге асырылмай келе жатқан мүмкіндіктер бар екенін жеткізді.

Әлемнің әр қиырынан келген ұзын саны 80-нен астам сарапшы ортақ проблеманы бірлесе отырып бағындырудың оңтайлы тәсілдерін сарапқа салды. Дүниежүзілік банктің апаттар тәуекелін басқару саласындағы ынтымақтастық  қызметі, соның ішінде Орта Азия мемлекеттеріндегі қаржылық қорғаныс құралдарын дамыту ісі бойынша нақты ұсыныстар айтылды.

Қазіргі таңда Дүниежүзілік банктің осы аймақтағы елдердің жобаларына құйған инвестициясы 100 млн долларды құраған. Қорыта айтқанда, мамандар бұл аймақтарды дүлей апаттардың тәуекелінен қаржылық қорғауды күшейтіп, осы тәуекелдерді басқару саласында күш біріктіру қажет деп есептейді.

Сондай-ақ бұл бағыттарда едәуір ілгерілеп кеткен Мексика, Үндістан және Түркия елдерінің озық тәжірибесіне сүйену артық етпейді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ